С.Д. АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН «БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ – 2024»
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынған зауыттың бірінші кешенінде жұмыс істеуші жұмыскерлердің негізгі легі ғылыми-зерттеу институтынан келген, жұмысты алып кете алатын тәжірибелі ғалым, мамандар болса, енді зауыттың 2-ші кешеніне оқуды жаңа біткен жас мамандарды тарту жоспарлануда.
Осы мақсатта ү.ж. 04 сәуірінде С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің шақыруы бойынша бас директордың жалпы сұрақтар жөніндегі орынбасары Ануар Сатыбалдиев, баспасөз хатшысы Азамат Калтаев Алматы қаласында ҚазҰМУ ұйымдастырған «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі — 2024» атты шараға қатысты. Жәрмеңкені университеттің Фармация мектебінің деканы, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Зуриядда Сакипова ашты.
Жәрмеңкеге 20-дан аса ұйым қатысып, оның жартысы дәріханалық бизнес өкілдері болды. Ал, өндірістік ұйымдар арасынан қызығушылық танытылған, студенттердің басым бөлігі болашақта жұмыс істеуге тілек білдірген бірден бір ұйым – біздің биофармзауыт, яғни, OtarBioPharm ЖШС болды десек асыра айту болмайды.
Студенттердің кейбірін ғана биофармзауыттың ауылдық елді мекенде орналасқандығы тежесе, көбісі оны кедергі санамайтындығын айтты.