2024 жылдың 23 ақпанында доцент, биология ғылымдарының кандидаты Сүлейменов Марат Қамытбекұлының жетекшілігімен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері мен оқытушылары «OtarBioPharm» ЖШС биофармацевтикалық зауытына келді. Сапардың мақсаты – отандық фармацевтикалық өндіріспен жеке танысу.
Зауытты көру бағдарламасына сәйкес, «OtarBioPharm» ЖШС Бас директорының орынбасары А.К. Сатыбалдиев келушілерді өндірістік желімен, сапаны бақылау зертханаларымен және су дайындау жүйесі, инспекциялық жабдық, заттаңбалау жабдығы, диспетчерлеу жүйесі және т.б. сияқты міндетті қосалқы жүйелермен және жабдықтармен таныстырды.
Білмегенді сұраудың ұяты жоқ демекші жас-студенттердің сұрақтары көп болды – «Вакцина неден жасалады?», «Зауытқа Президент шынымен келді ме?», «GMP дегеніміз не?», «Сапаны бақылау дегеніміз не?» және т. б.
Мұнан бөлек, студенттер COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы отандық QazVac вакцинасын өндірген қызметкерлермен де танысты.
Қорытындылай келе, иммунобиологиялық препараттар шығаратын отандық зауыт студенттердің ойлағандағыларынан да асып түсті деуге болады.